Қазақстан әлемдегі қылмыс деңгейі бойынша 47-орында тұр

16.08.2022 15:50

Еліміздің индексі – 53,04. Бұл қылмыстың орташа деңгейін көрсетеді.

ult.kz

Қазақстан әлемдегі қылмыс деңгейі бойынша 47-орында тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазақстан 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтағы қылмыс деңгейі бойынша 142 елдің ішінде 47-орында болды. Аталған кезең ішінде елде 87,1 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,1%-ға артық.  

Қылмыс деңгейі қылмыс индексін бағалау негізінде есептеледі. Мысалы, 0-ден 19,99-ға дейінгі индекс қылмыстың өте төмен деңгейін білдірсе, 20-39,99 аралығындағы индекс төмен деңгейін көрсетеді. 40-тан 59,99-ға дейін қылмыстың орташа деңгейін, ал 60-тан 79,99-ға дейін жоғары деңгейін білдіреді. Индекс 80-нен жоғары болса, қылмыстың деңгейі де өршіп тұрғанын көрсетеді. 

Әлемдегі қылмыс деңгейі ең жоғары елдер қатарын Венесуэла (83,16)  мен Папуа-Жаңа Гвинеяға (80,26) бастап тұр. Бестіктер қатарына Ауғанстан (78,19), ОАР (75,37) және Гондурас (74,66) елдері кірген.

Беларусь (32-орын) пен Қырғызстанда (36-орын) қылмыстың орташа деңгейі тіркелген. Ал, қылмыстың төмен деңгейі байқалған елдер ішінде Ресей, Армения және Өзбекстан бар. 

Әлем бойынша Катар, БАӘ, Тайваньда қылмыстың ең төмен деңгейі байқалған. 

Осы тұста рейтингтегі орын неғұрлым жоғары болса, елдегі қылмыс жағдайы соғұрлым нашар екендігін атап өту керек. Қылмыс деңгейі бойынша елдердің рейтингі жылына 2 рет жасалады. Оған соңғы 36 айдағы деректер пайдаланылады.