Қазіргі уақытта оның басқа эпизодтарға қатыстылығы анықталып жатыр
Желіде ақшаны «көбейтіп беремін» деп уәде берген алматылық азамат ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының шетінде тұратын 24 жастағы Л. есімді азамат ақшаны тиімді инвестициялауды үйреткен.
«Тергеудің алдын ала мәліметтері бойынша, жас жігіт қаржылық интернет-алаңда ақшаны көбейтемін деген желеумен капиталын ұлғайтқысы келгендерден ақша алған, бірақ уәдесін орындамаған. Ол тұтынушыларға төлемнің қабылданғанын растайтын құжаттарды, түбіртектерді бермеген. Мәселен, қылмыстың бір эпизодында бөтен адамның 4 млн теңгесі Л. есімді азаматтың олжасына айналды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта оның басқа эпизодтарға қатыстылығы анықталып жатыр», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
Аудан басшылығы, күдіктінің әрекеті тергеуде ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен (Алаяқтық) квалификацияланғанын хабарлады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.