Tengri Bank-тің экс-менеджерлері 5 млрд теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікке ілінді

13.11.2020 19:06

Tengri Bank осы жылдың қыркүйегінде лицензиясынан айырылған болатын

Осы жылдың қыркүйегінде лицензиясынан айырылған Tengri Bank тоналды. Экс-менеджерлер 5 миллиард теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Бұл ақпаратты Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұрынғы басшыларға аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу бабы бойынша іс қозғалған. Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп, сотқа дейінгі шаралар жүріп жатыр. Еске сала кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-тің қаржы жағдайы нашарлағанын айтып, лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған еді.

«Ведомствоаралық тергеу тобымен «Tengri Bank» АҚ бұрынғы басшыларына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде аталған банктің 5 миллиардтан астам ақшасы жымқырылған дерегі тексерілуде. Қазіргі таңда банктің бұрынғы төрағасының орынбасары Ілиясов және Алматы қаласы банкінің директорының орынбасары Жадықов соттың санкциясымен 2 ай мерзіміне қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда. Басқа да ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», – деді қалалық экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.