Екібастұздағы апат: комиссия құрамына кімдер кіреді

01.12.2022 19:21

Премьер-министр Әлихан Смайылов апаттың себептерін атап, кінәлілер жауапқа тартылады деп уәде берді

Almaty.tv

Екібастұздағы жылу электр орталығында болған апат барлық өңірдегі ахуалды тексеруге мәжбүрледі. Мемлекет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы жылыту маусымына дайындығын бақылауда ұстау үшін комиссия құруды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv

Оның құрамына Бас прокуратураның, Жоғары аудиторлық палатаның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты он күн ішінде нақты қорытындылармен және ұсыныстармен аяқтауға пәрмен берді. Ал кеше түнде Екібастұзға барған Премьер-министр Әлихан Смайылов апаттың себептерін атап, кінәлілер жауапқа тартылады деп уәде берді.

«Негізгі бұл апаттың себебі – мына желілердің тозығы. ТЭЦ-тің басқару жұмысының сәтсіздігі. Тиісті инвестициялар салынбағаны. Әрине қазір тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы апатқа себеп болған адамдар жазаға тартылады», – деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ тұрғындармен тілдесіп, мәселенің жақын арада шешілетінін айтты. Үкімет басшысы әкімдікке халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, әлеуметтік желілер мен «жедел желі» арқылы түсетін қала тұрғындарының барлық сұранысына жедел жауап беруді тапсырды.