Вайнерлерге қатысты тергеу аяқталды
Қаржы пирамидасын жарнамалаған вайнерлерге қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін белгілі актер әрі вайнер Мейіржан Төребаев, актер Мейірхан Шерниязов және блогер Әзімжан Саидбаев қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген еді. Қазір Төребаев пен Шерниязов 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде кепіл төлеп, соттың соңғы шешіміне дейін бостандыққа шыққан. Ал Әзімжан Саидбаевты қамауға алу шешімі шығарылды. Қазір ол халықаралық іздеуде.
«Вайнер, танымал, белгісіз адам болсын бәрі заңның алдында бірдей. Блогерлерді айтатын болсақ, үшеуін де қылмыстық жауапқа тартып жатырмыз. Соттың шешіміне сай прокурордың келісімі бойынша кепіл ретінде 2 блогерге қатысты бұлтартпау шарасы алынды. Ал 3-блогер шетелге қашып кеткен. Соттың санкциясымен қамауға алынады. Халықаралық іздестіру жарияланған», – ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Ішкі істер министрлігі жалпы қаржы пирамидаларына қатысты 65 қылмыстық істің тергеліп жатқанын мәлімдеді. Одан 3 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен екен. Ведомствоның хабарлауынша, қаржылық пирамида жетекшілері не ұйымдастырушылары көбінде шетелдіктер. Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаржы пирамидасына алданған халықтың ақшасы қалай қайтарылатынына да тоқталып өтті.
«Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеу мақсатында тергеуші күдіктілер мен олардың туыстарының атына тіркелген мүлікті пайдалануға тыйым салды. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында және Алматы облысында орналасқан 4 жер учаскесі, 10 пәтер, 5 жеке үй, 2 автомобиль мен дүкен. Компанияның барлық есеп айырысу шотына тыйым салынды», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.