Тергеуді Бостандық ауданының полициясы жүргізіп жатыр
Алматының Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылының қиылысындағы мейрамханада атыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқ атылған жер қазір тым-тырыс. Болған жайтты көрген-білген адам жоқтың қасы. Аз-кем ақпардан тек мейрамхана қызметкерлері хабардар. «Макаров» тапаншасы осы ресторанның алдында атылған. Оған ғимарат терезесіндегі оқ ізі дәлел.
Оқыс оқиғаның мән-жайын сұрап келгендіктен мейрамхана қызметкерлері ішке кіруімізге қарсы болды. Алайда күзет бастығы өзінің және сол түнде іште жүрген әріптестерінің не көргенін айтып берді. Ол жапа шеккендер де, олармен жаға жыртысқандар да бір дастарханда отырғанын айтты.
– Барлығы бір дастарханда отырған, өзара келісе алмады. Сыртқа шығып, төбелес бастады. Бес минуттың ішінде келдім, 1 жаралы жігіт жерде жатыр екен. Көмек көрсетіп, жедел жәрдем көлігін шақырдық, – деді мейрамхананың күзет қызметінің бастығы Мейіржан Өтепов.
Түнгі ойранда 2 адам жапа шеккен. Оқ бірінің аяғына, екіншісінің іші мен қолына тиген. Қазір қос азамат та ауруханада жатыр.
– Ішін ашып, ішегіне ота жасалды. Екі күн жансақтау бөлімінде жатып, бүгін бөлімшеге көшірілді. Қазір жағдайы бірқалыпты. Екінші науқастың маңдай сүйегі сынған, балтырына оқ тиген. Отаға қарсы арыз жазған, бірақ бүгін келісім берді, – деді қалалық Орталық клиникалық аурухана директоры орынбасарының міндетін атқарушы Ғалымжан Пірмағанбетов.
Ал полиция департаментінің дерегінше, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір азамат қамауға алынған. Қалғанын іздеп жатыр.
– Аталған қылмысты ашуға бағытталған кешенді жедел іс-шара жүргізілуде. Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Қалған қатысушылар анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылады, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазір тергеуді Бостандық ауданының полициясы жүргізіп жатыр. Түн ортасында елдің есін екі еткендердің тапаншаны қайдан алғаны, жанжалға не түрткі болғаны әзірге жұмбақ.
Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды