Қажетті тергеу және жедел іздестіру әрекеттері жалғасуда
Қазақстанда заңсыз қызметін іске асырған 1WIN халықаралық онлайн-казиносы анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржы мониторингі агенттігінің ақпарынша, олар азаматтарды ойын бизнесіне тартып келген. Мұнымен қоса, онлайн платформа букмекерлік қызметті тиісті лизенциясыз атқарған. Құзырлы орган өкілдері аталған ұйымның заңсыз әрекеті ел аумағында ғана емес, ТМД және алыс шетелде де әшкереленгенін хабарлады. Қазір ойын бизнесін ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, қажетті тергеу және жедел іздестіру әрекеттері жалғасып жатыр.
«Ақша қаражаты ғаламтор-эквайринг арқылы және аутентификациялаусыз қабылдануы, құмар ойындарға кәмелетке толмағандардың қатысуына да мүмкіндік берді. Қазақстан заңнамасына сәйкес елде онлайн-казиноның қызметіне тыйым салынған, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ұсынылады. Қазіргі таңда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, қажетті тергеу және жедел іздестіру әрекеттері жалғасуда», – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.