Жамбыл облысындағы сарбаздың өліміне қатысты күдікті ұсталды

02.09.2022 21:00

Қайғылы оқиға 19 тамызда болған

Жамбыл облысындағы шекарашы сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты күдікті ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алайда сезіктінің кім екені және марқұмға қандай қатысы болғаны туралы мәлімет бермеді. Қазір іс бойынша Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Тараздағы бөлімі тергеу жүргізіп жатыр. Еске салсақ, қайғылы оқиға 19 тамызда болған. Сол кезде әскери қызметші «өз-өзіне қол жұмсады» деп хабарланған болатын. Марқұмның туыстары бұл болжамға сенбейтінін айтқан. Атырау облысының 18 жастағы тумасы Бекбол Мираш Жамбыл өңіріндегі «Шөлдала» шекара бөлімшесінде әскери борышын өтеп жүрген. Оның өліміне қатысты күдікті қазір тергеу изоляторында қамауда отыр.

«Тараздың мамандандырылған тергеу соты оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция тағайындады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмеуіне байланысты тергеп-тексеру барысы және қылмыстық істің мән-жайы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілмейді», – деді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.