Қаржы мониторингі агенттігінің ақпарынша, 2 ауыл газға қосылмаған
Ұлытау облысында «ҚазТрансГаз аймақ» филиалының қызметкерлері үйді газға қосып беру үшін тұрғындардан ақша бопсалаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржы мониторингі агенттігінің ақпарынша, Қабанбай батыр кенті мен Талап ауылы ұзақ уақыт бойы көгілдір отын тарату желісінің жабдығына қосыла алмаған. Өйткені «ҚазТрансГаз аймақ» Жезқазған филиалының басшысы мен бас маманы тұрғындардан 70 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша сұратыпты. Компания қызметкерлері бұл қаражатты тұрғын үйлер мен шаруашылық объектілерін газдандыру бойынша монтаждау жұмыстарының сапасын тексермей, кедергісіз қабылдау үшін талап еткен екен.
– Былтыр қыркүйекте осы фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі таңда ауылдарды газдандыру мәселесі шешілді. Ұлытау облысындағы 2 елді мекеннің тұрғындары агенттіктің аумақтық департаментінің қызметкерлері араласқаннан кейін газға қосылды, – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Оқи отырыңыз: Миллион доллар бопсалаған БҚО тұрғыны ақша алу сәтінде ұсталды