8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймыз: автобус апатына қатысты қылмыстық іс қаралды

25.04.2024 20:21

Тергеу барысында айыпталушы кінәсін толық мойындамады

Аlmaty.tv

Алматыда үш адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік автобус апатына қатысты сот ісінде жарыссөз басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Прокурор Дархан Ахметжановты 8 жылға соттауды сұрады. Тергеу барысында айыпталушы кінәсін толық мойындамады. Айыпталушы мен жәбірленушілер тарапы бір ауыздан қоғамдық көлік тізгіндеген әйелдің кикілжің кезінде есінен танбағынын айтып отыр. Бүгінгі жарыссөзде мерт болған азаматтардың туыстары мемлекеттік айыптаушының сөзімен толыққанды келіспейтіндерін айтты.

- Жүргізушінің «ақы төле» деген талабына риза болмай, араларында кикілжің болған. Жолаушы Шөкебаева басқарып келе жатқан көлікті рұқсат етілмеген жерде тоқтатуды талап еткен, балағат айтқан. Жүргізуші оның қойған талабын орындамай, әрі қарай жүрісін жалғастырған. Автобустың жүріп келе жатқан жүргізуші Шөкебаеваның бетінен екі рет соққы жасаған. Шөкебаева осы жағдайда бірнеше секундқа есінен танып, жол бойындағы жаяу жүргіншілер мен көлікті қаққан, - деді прокурор Жандос Сауырбаев.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы апаттан кейін жүргізуші Шөкебаеваның сол күнгі жағдайына жасалған медициналық сараптаманың қортындысымен келіспейтінін мәлімдеді. Заңгердің сөзінше, мамандар тексеруде селқостық танытқан.

- Осы іске қатысты сот медициналық сараптаманы жүргізген Ким Антонин деген сарапшыдан біз сот кезінде қортындысы бойынша жауап алдық. Ол берген қортындысында жазып отыр. Бұл Шөкебаеваның есінен танды деген сөзі ғана.Науқастың ауруы жазылатын кітапшада көрсетілген. Ал нейрохирург маманы берген қорытындыда бұл мәселе жалпылама жазылған. Соққыдан талып қалды дегенді анықтап жатқан жоқ. Барлығы жалпылама айтылған, - дейді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Айдынғали Табылдиев.

Жантүршігерлік жағдайдан көз жұмған жандардың жақын туыстары істе жалғыз Ахметжанов  емес, автобус жүргізушісінің де кінәсі барын алға тартады. Ал Шөкебаева сотта өзін кінәлі санамайтынын жеткізіп, жәбірленушілердің оған не себепті айып тағып отырғанын түсінбейтінін айтты.

- Келіп, "Айнұр, кешіріңіз, осындай жағдай болды" демедіңіз. Сіз Ахметжанов кінәлі деп айтасыз, оның кінәсі айдан анық. Ол кінәсін мойындады. Ал сіз өзіңізді еш кінәлі сезініп тұрған жоқсыз, - деді жәбірленуші Айнұр Құсайынова.

Еске сала кетейік, былтыр 22 желтоқсанда Алматының Наурызбай ауданында сұмдық жол оқиғасы болды. Қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізушімен жанжалдасып, салдарынан басқарусыз қалған автобус аялдамада тұрған үш адамды қағып өлтірген.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Полиция із-түссіз жоғалған оқытушыны Алматыға бет алған пойыздан тапты