Алаяқтық жасады деп күдікке ілінген азамат Швециядан елге жеткізілді. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство дерегінше, 2019 жылы тамызда Алматыда өздерін Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкері деп таныстырған бір топ адам кәсіпкер ісіне тексеру жүргізіп, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деген желеумен жәбірленушіден 30 мың АҚШ доллар қаражатты жымқырмақ болған. Олардың әрекетінің жолын кесу кезінде біреуі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып үлгеріп, оған халықаралық іздеу жарияланған еді. Күдіктінің бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
– Бас прокуратура мен ІІМ, Интерпол қызметкерлері, СІМ-нің көмегімен Швециядан алаяқтық жасауға оқталды деген күдіктіні экстрадициялады. Күдікті Стокгольм қаласында жүргені анықталған және Қазақстандық тараптың өтініші бойынша Швеция Корольдігінің құқық қорғау органдарымен ұсталған. Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды, – деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Дархан Дүйсембай.
Оқи отырыңыз: Тонаудың түрлі тәсілін ойлап тапқандардан қалай қорғануға болады