Олар қылмыстық істі тоқтатқаны үшін кәсіпкерден 50 мың АҚШ долларын талап еткен
Көкшетау полицейлері қылмыстық істі жабуға уәде бергені үшін 50 мың доллар алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Полиция басқармасының лауазымды тұлғалары басқа органның іс жүргізуінде жатқан қылмыстық істі тоқтатқаны үшін кәсіпкерден 50 мың АҚШ долларын талап еткен. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде Көкшетау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталды.
«Биыл 9 шілдесінде Көкшетау қаласының тергеу соты күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат жария етуге тыйым салынады», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов.