Күдікті 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Семей қаласында есірткі саудасымен айналысқан ер адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семей қалалық ПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі мен ҰҚК Шығыс Қазақстан облыстық департаментні бірлесіп жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
«Соның нәтижесінде, шаһар аумағында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Аягөз қаласының 44 жастағы тұрғыны ұсталды. Пәтерін тінту кезінде перденің артына жасырылған жасыл түсті сөмке табылды. Оның ішінде ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған полиэтилен пакет болған», - делінген ақпаратта.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы шамамен 10 келіні құрады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткіні, психотроптық заттарды және сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ер адам 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.