Арнайы жасақтың операциясынан кейін кепілде болған 7 қызметкер босатылды
Астанадағы банк бөлімшесінің қызметкерлерін кепілге алған күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Демалыс күні елорданың полицейлері мен тұрғындарын тік тұрғызып шулатқан Әлихан Мұрадов қазір қамауда отыр. 7 адамды тұтқынға алып, біреуінің мойнына қару кезеген басқыншы жақындарының қарызын кешіруді талап еткен.
«Кассада тұрған кезде шу шықты. Сол уақытта банк қызметкерін кепілге алды. Күзетшілер банкті жапқан кезде, мен ішінде қалып кеттім»,– деді куәгер Нұрбол Кернебаев.
Осы кезде ғимараттағы күзетшілер Нұрбол Кернебаевты сыртқа шығарып жіберген екен. Оқиға орнына полицейлер келе бастады. Арнайы жасақ мамандары мен жедел-жәрдем қызметкерлері де жетті. Маңайды арнайы лентамен қоршап, тұрғындарды жақындатпаған. Банк бөлімшесі орналасқан тұрғын үйдің адамдарын да қауіпсіз жерге эвакуациялады.Басқыншымен келіссөз басталды.
«Қойылған талаптары заңсыз болғандықтан күш қолдануды жөн көрдік. Ең бірінші біздің азаматшаларға қауіп төндірмейтін жағдай жасадық. Кейін шабуыл жасап босаттық», – деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Арнайы жасақтың операциясынан кейін кепілде болған 7 қызметкер босатылды. Оларға физикалық тұрғыда зақым келмеген екен. Психолог мамандар қыздармен жұмыс істеп жатыр. Ал банк бөлімшесіне қарумен басып кіріп, мамандарды тұтқындап алған Әлихан Мұрадов 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы