Бүгінде қаржы пирамидасын құру бойынша 126 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған
Қаржы пирамидасын ашқандар халықтың ақшасына Түркиядан бірнеше пәтер сатып алған. Еліміздің ішкі істер министрлігіне қарасты Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов арнайы брифингте осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде қаржы пирамидасын құру бойынша 126 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде 36 қылмыскер сотталған. Сондай-ақ мамандар инвестицияларға қызығатын адамдар көбейгенін айтады. Алаяқтар осыны шебер пайдаланып кетеді. Қаржы пирамидаларын инвестициялық компания деп таныстырып, халықты барынша көптеп тартуға тырысады.
«Сотқа дейінгі тергеу іс-шаралары кезінде ақшаға, жылжымайтын және жылжымалы мүлікке бұғау салынды. Жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден асады. Соның ішінде жекеменшік үйлер, пәтерлер, жер учаскелері, көлік құралдары, бизнес орталықтар және тағы басқа мүліктер бар», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы уақытта қаржы пирамидалары арқылы халықты алдау әрекеті күрт көбейген. Республика бойынша 31 мыңнан астам адам алаяқтардың қармағына ілініп, жалпы сомасы 54 миллиард теңгеден айырылған. Сонымен қатар, брифинг барысында халық ендігі уақытта көші-қон мәселесіне қатысты кейбір қызметтерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алатыны белгілі болды.
«Тағы бір функция – босқындармен жұмыс. Ол пана іздеушіге куәлік беру, босқын мәртебесін тағайындау, ұзарту, айыру және тоқтатуды қамтиды. Сол сияқты еңбек иммигрантына рұқсат беру қызметі бар. Шетелдіктер үшін жұмыс істеуге рұқсаттың барлық қалған түрлерін жергілікті атқарушы органдар береді», - деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.