Алматы облысында мыңдаған шаршы метр заңсыз қолданысқа беріліп кеткен. Ең сорақысы, бұл аумақта жоспарға сәйкес, мектеп, аурухана және балабақша салынуы тиіс еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Талғар, Қарасай, Іле мен Еңбекшіқазақ және Жамбыл ауданында заңсыз сатылып кеткен аумақ көп. Қазір Алматы облысы прокуратурасының айтуынша, осындай жер телімдерін анықтау үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Заң бойынша жер» жобасының аясында Алматы облысының прокуратура органдарымен Алматы қаласының маңында орналасқан 24 елдімекеннің шекарасы заңсыз кеңейтілген, функционалды аймақтарды заңсыз өзгертудің 150-ден астам дерегі анықталды. Жер заңнамасы талабы бұзылған жекелеген факті бойынша 12 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, заңсыз шешімдердің күшін жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы қадағалау актілері енгізілді», – деді Алматы облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Шыңғыс Оспанов
«Заңсыз берілген» деп танылған аумақта негізінен мектеп, аурухана мен балабақша және саябақ салынуы керек еді. Прокуратураның мәліметінше, осы мақсатта құрылыс жүргізіледі деп көзделген жерлер тұрғын үй мен коммерциялық нысан ретінде өзгеріп кеткен.
«Әр бұзылған заң бойынша прокурорлық акт енгізілді, қаралып жатыр. Сонымен қатар, біздің ауданда жалған үкім шығару фактілері анықталып, қылмыстық іс қозғалып, алдын-ала тергеу жүргізіліп жатыр», – деді Іле ауданының прокуроры Дархан Досмұханбетов
Прокурор қазір Іле ауданының өзінде жекелеген фактілер бойынша 3 қылмыстық істің қозғалғанын айтады. Мәселен, мәдениет үйі салынады деп жоспарланған жер жалған құжат арқылы жекеменшікке шығарылып, үшінші тұлғаға сатылып кеткен.
«Соттың шешімі шықпай, ол жерді заңсыз деп тану мүмкін емес. Соттың шешімімен шығарған құжаттың бәрі заңсыз деп есептелсе, сол уақыттан бастап ол заңсыз деп танылады», – деді Іле ауданы Ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуаныш Мәлкеев.
Аталған фактілер аясында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аудандық прокуратураның айтуынша, жер учаскелері жалған үкім негізінде жеке меншікке өткен. «Аудан шекарасының негізінде жер телімдерін жеке меншікке және пайдалануға беру – атқарушы органның құзыретінде» деп заңнамада анық көрсетілген.
«Ауыл әкімі жерді таратудың алдында жер комиссиясы қарайды. Соның қорытындысы негізінде ауылдық елдімекеннің әкімі жерді жекеменшікке немесе арендаға беру туралы шешім қабылдайды», – деді Іле ауданы Ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуаныш Мәлкеев
Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, заңсыз салынған нысандар сүрілуі де мүмкін. Бірақ мән-жай тергеуден кейін ғана белгілі болмақ.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы