Қазіргі уақытта 3 күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістан облысында табиғатқа зиян келтіргендерге 1,5 миллион теңгеден аса айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкімшілік құқық бұзушылық деректері жергілікті өңірде ұйымдастырылған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде тіркелді. Соның нәтижесінде полицейлер 19 тәуліктің ішінде 2 ірі экологиялық қылмыс пен 140 заңбұзушылықты анықтаған. Солардың бірі Созақ ауданы Құмкент ауылындағы «Ақжар» көлінің маңайында болыпты. Тәртіп сақшысы «Нива» маркалы автокөліктің жүксалғышынан заңсыз ауланған 42 келі сазан мен 200 метр тор тәркілеген.
Қазіргі уақытта 3 күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Одан бөлек, браконьерлікпен айналысқан тұлғалардан 5 дана аңшы мылтығы мен 1 электромотор, сондай-ақ, 1 жүзу құралы айғақтық зат ретінде алынып, 2 автокөлік айыптұраққа қойылды.
«Құқықбұзушыларға тиісті Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 382, 383-баптары бойынша әкімшілік шара көтерілді. Қазіргі таңда облыс аумағындағы барлық аңшылық алқаптары мен су айдындарында полиция қызметкерлері бірлескен рейдтік шаралар жүргізуде», – деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Нұрлан Тұмабаев.