Алматы облысында оқушы қызды сабаған әйел ішімдік ішкенін мойындады

21.05.2021 00:45

Қазір 30 жастағы келіншек іздестіріліп жатыр

Алматы облысында оқушы қызды себепсіз сабап тастаған екі әйелдің біреуі ұсталды. 13 мамырда Іле ауданы Боралдай кентінде белгісіз екі әйел аялдамада отырған жасөспірімді аяусыз жұдырықтың астына алып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Ал, оқушы қыз дене жарақаттарымен Алматы қаласындағы балалар ауруханасына жеткізілген болатын. Артынша қылмыстық іске байланысты жедел тергеу тобы құрылып, әйелдерді кентке жеткізген такси жүргізушісінен жауап алынды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері Алматы қаласында жасырынып жүрген 27 жастағы әйелді ұстады. Ол өз кінәсін толықтай мойындап отыр.

«Мен қасақана емес жасаған әрекетім үшін кешірім сұраймын. Мұндай ісім үшін өте қатты өкінемін. Оған  ішімдік ішкенім себеп болды. Менің өмірімде екінші мұндай жағдай орын алмайды. Қыздың тезірек денсаулығы қалыпқа келсін деп тілеймін», – деді күдікті.

Ал, екінші күдікті Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылының тұрғыны екен. Қазір 30 жастағы келіншек іздестіріліп жатыр.

«Оқиғаға қатысты екінші әйел 30 жастағы Еңбекші қазақ ауданының тұрғынын қолға түсіру шаралары жүргізіліп жатыр. Ол факт бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 293-баб екінші бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүруде», – деді облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.