Дизель отынын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

27.09.2023 22:21

Сотқа дейінгі тергеу iсi басталды

Сурет: РИА «Воронеж» мұрағаты

Жаңатаста 10 тоннадан астам дизель отынын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жамбыл облысының полиция департаменті Жаңатас қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС зауытынан ұзақ уақыт бойы дизель отынын ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топтың әрекетiн анықтап, тосқауыл қойды.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен (Ірі көлемде жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу iсi басталды. Ұрлықты ұйымдастырушы Түркістан облысының 34 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.

Зауыт қызметкерлерінің көмегімен күдіктілер ұзақ уақыт бойы ірі көлемде дизель отынын ұрлап келген. Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту нәтижесінде 10 тоннаға жуық дизель отыны, сондай-ақ жанар-жағармай тасымалдау және айдау үшін пайдаланылған автокөлiктер мен арнайы жабдықтар табылып, тәркіленді.

 - Сонымен қатар тегіс ұңғылы мылтықтың бөлігі табылды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Таразда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар тергеліп жатыр