Қазақстандық дизайнер Сәбит Bisen қайтыс болды

20.10.2020 00:48

Марқұм отандық Bisen атты streetwear брендін қалыптастырушы ретінде танымал болған

Фото из Instagram/h1rosima

Алматыда талантты жас дизайнер Сәбит Садыхан көз жұмды. Оны қала аулаларының бірінде кездесіп жүрген қызының туған ағасы өлгенше ұрып тастаған көрінеді. Bisen лақап атымен белгілі дизайнер несімен танымал? Арты төбелеске ұласқан жанжалға не себепкер болды? Қайғылы жайттың жай-жапсарын оқиға орнына барып келген Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай айтып берсін.

Адам өлімі 18 қазанда түнгі 02:00 шамасында дәл осы жерде орын алды. Әлдекімдердің төбелесін байқап қалған жергілікті тұрғындардың бірі дереу полицицяға хабар берген. Алайда дәрігерлер мұнда жеткенше жігіттің жүрегі тоқтап қалған.

Күдікті қарсыласын қан-жоса күйде тастап, қашып кеткен. Алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері 31 жастағы Д. есімді азаматты ұстаған. Күдікті өз кінәсін толықтай мойындап отыр.

«Осы қылмысты жасады деген күдікпен бірден 1991 жылы туылған Д. есімді азамат ұсталды. Ол Б. азаматтың қызының туған бауыры. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл дерек Бостандық аудандық полиция басқармасымен  Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлімі бойынша тергелуде», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жергілікті тұрғындар, бірнеше адаманың жанжалдасып жатқанын естіген. Кенеттен ұрыстың соңы төбелеске ұласыпты. Тұрғындардың айтуынша, бұл ықшамауданда бұрын-соңды мұндай сұмдық жайттар болмаған.

«Түн ортасы еді. Үйде фильм көріп отырғанбыз. Кенеттен бір нәрсенің ұрылған дыбысын естідік. Яғни адамды ұрып жатқандай болды. Ешқандай айқай-шу болмады. Алайда әлдекімнің боқауыз сөздерді айтып жатқанын естідік. Кетіңдер, әйтпесе полиция шақырамыз деп айқай салдық», – деді куәгер Дана.

Айта кету керек, марқұм отандық Bisen атты streetwear брендін қалыптастырушы ретінде танымал болған. Оның өнімдері белгілі хип-хоп әншілері мен жасөспірімдердің арасында үдкен сұранысқа ие.  

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы