18 жастағы қыз ауруханаға бірнеше жарақатпен түскен
Шымкенттегі жантүршігерлік жол апатынан кейін автобус тиесілі компания лицензиясынан айырылуы мүмкін. Қалалық полиция департаменті әкімдікке осындай ұсыныс жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірнеше адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апатынан аман қалған Дариға Сейдалиева қазір ауруханада. Анасының айтуынша, ол – 6 баланың үлкені, отбасының асыраушысы. Қызының өміріне алаңдаған ол 2 күн өтсе де, ешкім келіп кешірім сұрап, қыздың хал-жағдайын білуге тырыспағанын айтты.
«Пәтер ақысы, түрлі төлем, азық-түлік бар, бәрі – осы қыздың мойнында, отбасын асырап отыр. Менде бір-ақ бүйрек бар, жұмысқа жарамаймын. Қазір 8 айлық сәбимен отырмын. Енді қызым жақын арада жұмысқа шықпайды. Қалай күн көреміз? Автобус иелері жауап берсін. Қызымның еміне қажетті дәрі-дәрмегі бар. Денсаулығы бір-екі жылдан кейін сыр берсе, кім жауап береді?» – деді жәбірленушінің анасы Мадина Сейдалиева.
18 жастағы қыз ауруханаға бірнеше жарақатпен түскен. Ақ халаттылар оған отаның қажет болмағанын айтты. Дегенмен ол әлі бірнеше күн ауруханада ем қабылдап, дәрігердің бақылауында болады.
«8 сәуірде мен ауруханада жауапты дәрігер болдым. Сол күні оқиға орнынан Сейдалиева Дариға дейтін 18 жасар қыз жеткізілді. Дереу жансақтау бөліміне кіргізіліп, толық тексеруден өтті. Тексеру барысында бас миының шайқалуы, кеудесінің ауырсынып қалғаны және қолы мен аяғында жарақат анықталды. Қазір науқастың жағдайы орташа деңгейде, нейрохирургия бөлімінде керекті емін қабылдап жатыр», – деді №1 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Елдар Смағұлов.
Ал жол-көлік апатында қаза тапқандардың үшеуі бір сауда орнында сатушы болып істеген. Бірінің артында шиеттей 5 баласы, енді бірінің мүмкіндігі шектеулі анасы қараусыз қалды. Қайтыс болғандардың жақындарына көмек қолын созу үшін жұмыс орнының қызметкерлері арнайы қор ашып, қаржы жинап жатыр.
«Азиза деген әпкеміз, сатушы болып істейтін. Артында 5 баласы қалды. Осы қалада жалдамалы пәтерде тұратын, күйеуі жоқ. Ал екінші Азатхан, Айзада деп айтамыз. Ол қыздың мүмкіндігі шектеулі анасы бар, ол кісінің жалғыз асыраушысы Айзада еді. Енді анасы жалғыз қалды. Ол да жалдамалы пәтерде тұратын. Әріптестермен бірігіп, ақша жинап жатырмыз. Жиналған қаражатты осы марқұмдардың отбасына бөліп береміз», – деді Шымкент қаласының тұрғыны Айдана Рахымбаева.
Бұл іс бойынша қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қалалық полиция департаменті әкімдікке тасымалдаушы компанияны лицензиясынан айыру жөнінде ұсыныс жолдапты.
«Сараптамалар тағайындалды. Автобус жүргізушісі қамауда. Шымкент қалалық әкімшілігіне Shymkent bus фирмасын жолаушылар тасымалдау лицензиясынан айыру туралы ұсыныс жолданды. Ұсынысты біз жолдаймыз, қарау мерзімі 1 ай көлемінде», – деді Полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Нұрдәулет Сүйеубеков.
Қазір бұл іске қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қоғамдық көлік автотехникалық тексерістен өтіп жатыр.
Гүлдана Дәурен, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен