Қала ортасындағы 2 бөлмелі пәтерін сатып, ақшасын қаржы пирамидасына аударған отбасы сан соғып қалды

12.02.2021 01:56

Алаяқтарға алданған жұрттың жоғалтқан қаржысы да әртүрлі

Almaty.tv

Алматыда қаржы пирамидасына ақша салып, бір күнде байып шығамыз дегендер кімнен көмек сұрайтынын білмей дал. Олар «ақшаңызға бірнеше пайыз үстемақы қосып қайтарамыз» дегенге сеніп, тапқан-таянғанын күмінді ұйымға салып отырған. Тергеу кезінде алаяқтардың құйтырқы әрекеттерін Алматыдан бөлек, еліміздің өзге де өңірлерінде іске асырғаны анықталды. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтсын.

Бұл – қаладағы акциялар сататын Л-Капитал кеңсесі. Мұнда келіп, осылай шу шығаратындар күннен-күнге көбейіп барады. Бірі қаржы ұйымына ақша салу үшін миллиондап несие алса, енді бірі басындағы баспанасын сатыпты. Өздері ғана емес, таныстары мен туыстарын да үгіттеген.

«Тіпті, күйеулері ауырып, инфаркт болып, қайтыс болып кеткен адамдар да бар. Балаларына операция жасайтын ақша жоқ, жылап келіп отырған адамдар да бар. Күнде осындай жағдайларды естіп, қорқып отырмыз. Біз ІІД-ға да бардық, прокуратураға да бардық. Біз бүгін міне офиске келіп тұрмыз. Біздің көзімізше 3 адам келіп 20 мың теңгеден ақша салып кетті. Сонда оларға айтпайды, біз жабықпыз, жұмыс істемейміз деп. Беймарал ақшасын санап алып отыр», – деді салымшы Айнұр Әкімбаева.

Алаяқтарға алданған жұрттың жоғалтқан қаржысы да әртүрлі. Айтса адам сенгісіз. Салымшылардың құйған ақшасы миллион теңгеден бастап, 600 милиилонға дейін жетеді дейді. Соның бірі – Индира Батырбекова. Ол қаладағы екі бөлмелі үйін сатып, 50 мың долларын түгелімен қаржылық ұйымға аударыпты.  

«Менің балдарым, бәріміз қазір квартирада жүрміз. Үйіміз жоқ басымызда қазір. Бір жыл емес, екі жыл күттік. Бір жылдан кейін алатын ақша ғой. Енді өз ақшамыз да жоқ, дивиденд түгілі. 50 мың доллар. Екі бөлмелі қаланың ортасындағы пәтер. Жағдайымызды жақсартамыз деп салдық», – деді салымшы Индира Батырбекова.

Өкінішке қарай, бұл қаржылық пирамиданың құрығына түскен бір бөлігі ғана. Олардың айтуынша, компанияның бас өкілдігі осы Алматыда орналасқан. Ал, қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, арнайы ведмствоаралық тергеу тобы құрылып, мән-жайды анықтауды бастаған.

«Компанияның орналасқан офистерінде санкцияланған тінту іс-әркеттері жүргізіліп, тергеу барысында оқиғаның мән-жайы толық қаралып жатыр. Іс бойынша кінәлі азамттар анықталып, іс бойынша процесуалдық шешім қабылданады», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.  

Дегенмен «ауадан» ақша жасайтындарға тоқтам болмай тұр. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарымен әлеуметтік желіде ақпарат айтылса да, қаржылық ұйымдардың қақпанына түсетіндер әлі көп.

Ұлағат Арғын