Ол бағалы заттарды ломбардқа өткізіп, қаржыны құмар ойындарға жұмсаған
Түркістан облысында 10 шақты үйді тонаған күдікті ұсталды. Нақтырақ айтсақ, қаңтар айының басында Сайрам ауданының тұрғыны полицияға әлдекімнің 2 миллион теңгеге жуық ақшасы мен бағалы бұйымдарын жымқырып кеткенін айтып арызданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жедел іздестіру шаралары барысында азамат қолға түсіп, оның Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды. Ер адам Сайрамнан өзге, Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданындағы бірнеше пәтерге терезе арқылы кіріп, алтын әшекейлерді үптеп кеткен белгілі болды. Ол аздай бағалы заттарды ломбардқа өткізіп, түскен қаржыны құмар ойындарға жұмсаған.
«Шұғыл іс-шаралар жүгізу барысында Шымкент қаласының тұрғыны жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды. Қазіргі таңда аталған күдіктінің 10-нан астам қылмысқа күдіктілігі, яғни пәтер ұрлықтарына қатыстылығы анықталып, қамауға алынды», – деді Криминалдық полиция басқармасының басшысы Сұлтанбек Үсіпбеков.