Құмар ойынға әуес мектеп есепшісінің ісіне қатысты үкім шықты

23.02.2024 00:58

Соңғы сөзінде ол анасынан кешірім сұраған

Коллаж: Almaty.tv

Ақтөбеде бюджет қаржысын құмар ойынға жұмсаған мектеп есепшісінің даулы ісіне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Анықталғандай, 7 жыл ішінде ол бюджеттің 413 миллион теңгесін жымқырған. Сотталушы ұсталған соң, өзіне тағылған кінәні мойындап, ақшаны ойындарға тіккенін ашық айтты. Соңғы сөзінде ол анасынан кешірім сұраған.

– Қымбатты, аяулы анам. Мүмкін болса мені кешіруіңізді сұраймын. Мен үнемі арқасүйер ұл болуға тырыстым. Бірақ құмар ойынның арбауынан шыға алмай, заңсыз әрекеттерге бардым. Анашым, ұлыңыз балалар мен мұғалімдерден ақша алды дегенге сенбеңіз, – деді сотталушы Бекзат Тәженов

Сот 29 жастағы сотталушының екі кішкентай баласы бар екенін ескерген. Үкімге сәйкес, ол 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген шығынын өтеуі тиіс.

– Сот Бекзат Тәженовті ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал 50-баптың 3-бөлігі негізінде оған 10 жыл мерзімге материалдық жауапты қызметтерді атқару құқығынан айыру түріндегі үстеме жаза тағайындалсын, – деді №2 қалалық сотының судьясы Ақмарал Әлиева.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында балаларды теуіп, аяусыз ұрған ер адам қамауға алынды