Түркістан облысында өз қызын 6 жасынан бері зорлап келген әкеге сот үкімі шықты. Сұмдық жағдай Арыс маңындағы ауылда болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәмелет жасына толмаған қыздың әкесінен қорлық көріп жүргенін анасы байқапты. Қызының телефонына келген күдікті хабарламаны оқыған ана перзентін сөзге тартқан. Соңында ащы шындықты анықтапты. Осыдан кейін полициейлерге шағым түсірген. Бірақ қаскөй әке өз зәлімдігін сол күйі мойындамаған.
«Өзінің туған қызына сексуалдағы сипаттағы әрекеттер жасаған. 2011 жылдан 2019 жылға дейін. Тергеу кезінде сотталушы өз кінәсін мойындамайтынын, мұндай әрекетке ешқашан бармайтынын айтқан. Бірнеше сараптама қорытындыларын берген. Соған қарап сотталған адамның кінәсі толық дәлелденді. Сотталушы 1980 жылы туылған. Жәбірленуші 2011 жылы 6-да болған», – деді Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот судьясы Дәурен Мадалиев.
Өз әкесінен зәбір көрген қыз үйінің үлкені екен. Соңынан ерген 4 бауыры бар. Ал, оған 6 жасынан бастап шамамен 10 жыл бойы азғындық жасаған әке Ресейде вахталық жұмыс істеп жүрген. Енді бір отбасының шырқын кетірген жауыз әке алдағы 20 жылын абақтыда өткізеді.