Жаға ұстатарлық оқиға көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде болған
Шымкент қаласында 70 жастағы зейнеткерді зорламақ болған күдікті әлі де іздестірілуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаға ұстатарлық оқиға 17 желтоқсан күні көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде болған. Белгісіз ер кісі зейнеткерді қылқындырып, құлатқаннан кейін арам пиғылын жүзеге асырмақ болған. Сол сәтте қарсылық танытып, орнынан тұрғысы келген әжейді ер азамат бірнеше рет ұрып талдырып тастаған. Бұл айуандық әрекеттердің барлығы сол жердегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Оқыс оқиғадан бері үш күн өтсе де, күдікті әлі қолға түспепті. Бірақ күдіктінің жеке басы анықталған көрінеді. Ол бұған дейін бірнеше рет сотты болған екен.
«Қазіргі таңда күдіктіні ұстау шарлары жүргізіліп жатыр. Ол азамат бірнеше рет сотты болған. Одан кейін сол азаматтың басқа да қылмысқа қатысы бары анықталған. Тонау бар, сосын зорлау да болған», - деді қалалық Полиция департментінің бастығы Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ.
Осыншама жасқа келіп, азғындардың құрбаны болатыны үш ұйықтаса түсіне кірмеген 70 жастағы зейнеткер алғашқы медициналық көмектен кейін өз еркімен үйіне қайтарылған. Қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында.