Қазақстан бойынша 160 адамнан 2 миллиард ақша алды деп күдікке ілінген компания басшысын полиция қамауға алды
Танымал блогерлер жарнамасын жасап, халықты инвестиция салуға шақырған «Мударабах капитал» компаниясы жүздеген қазақстандықты тақырға отырғызды деп жұрт шағым айтқан еді. Салымшылардың сөзінше, танымал тұлғалардың жарнамасына сеніп, жиған-тергенін осы компанияға құйып жіберген екен. Енді міне, Қазақстан бойынша 160 адамнан 2 миллиард ақша алды деп күдікке ілінген компания басшысын полиция қамауға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұлдыздар жасаған жарнама жарға жықты деген жұрт қалтасын қағып, соңғы соқыр тиынын санап берген кезекті қаржы пирамидасының басшысы қамауға алынды. Ол басқарды делінген «Мударабах капитал» компаниясына ақша салып, ала алмай келетіндер саны күн санап өсіп келеді екен.
«Осы жылдың басында «Мударабах» капитал компаниясына белгілі блогерлер жарнама жасаған болатын, сол белгілі блогерлердің жарнамасына сеніп, біз инвестиция жасаған болатынбыз. Содан бастап ешқандай пайыз да алмадық, ақшамыз да қайтарылмады. Сәуір айының басында олар банкротқа ұшырадық деп жариялады. Бізге процент емес, өзіміздің ақшамызды да қайтармады. Еш жауап бермейді», – деді шағымданушы Ұлжалғас Парасатқызы.
Ал аталмыш атышулы мәселеге тек актер ретінде қатыстым деген Мейіржан Төребаев бізге сұхбат беруден бас тартты. Тіпті, жұрт алдап кетті деген қаржы пирамидасының видеоролигінде бой көрсеткен блогер Мейіржан енді компанияға мүлде қатысым болмаған деп ат-тонын ала қашып отыр.
Ал заңгер Динара Жұбатоваға дәл осы қаржы пирамидасынан қорлық көрдік деген жиырма шақты адам жүгінген екен. Өз кезегінде мамандар «Мударабах» капитал компаниясынан бөлек, арғысына бойламай, бағасын беріп, ақысын төлесе, кез келген дүниені жарнамалай беретін блогер мен жұлдыздарды жауапқа тарту керек деп отыр.
«Рекламаның ішінде Мейіржан Төребаев, Мейірхан Черниязов, Азимжан, Баян Алагөзова секілді әртістер блогерлер қаржылық пирамидасының жарнамасына түскен. Қазірдің өзінде олар ресми түрде халықтың алдында кешірім сұраған жоқ. Және қандай себеппен ол жарнамаға түскенін түсіндірген жоқ», – деді заңгер Динара Жұбатова.
«Мударабах» капитал компаниясының жетекшісі қамауға алынды. Ол Б. есімді 1981 жылы туған азамат. Ол Қылмыстық кодекстің 128-бабының нормаларына сәйкес уақытша оқашаулау изоляторына қамауға алынды. Естеріңізге сала кетейік, бір топ азамат үстіміздегі жылдың сәуір айында полиция департаментіне шағым түсірген болатын», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал басшысы құрықталса, қаражатымызды кім қайтарады деген қара халық тағы да қу тіземізді құшақтап қаламыз ба деп қорқады. Өйткені тергеу барысында аталмыш компания қызметкерлерінің барлық кіріс-шығыс есептері бұғатталады.
Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» теларнасы