Жыл бойы Алматы полициясы жүргізген Mudarabah Capital қаржы ұйымына қатысты істі енді ІІМ қайта қарасын. Салымшылар бүгін осылай деп бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Себебі олар тергеудің әділетті болғанына күмәнмен қарайды. Айтуларынша, бұл істе негізгі басшылар бостандықта жүр. Қысқасы айран ішкен құтылып, ыдыс жалаған тұтылуы мүмкін. Жиналғандар Astex пен Mudarabah Capital қаржы ұйымына миллиондап ақша салған. Олар осыдан бір жыл бұрын сенімсіз компанияға сан соғып қалғандарын айтып полиция департаментіне шағымданған еді. Ұзаққа созылған қылмыстық іс қазір өндірісте, сотқа жолдануға жақын деді полиция департаменті. Десе де, зардап шеккендер тергеудің әділетті жүргеніне күмәнді.
«Негізгі құрылтайшылар Алмас Құрманғалиев, Шыңғыс, Дания Рахымова бостандықта жүр. Ал қамауда отырғандар компанияның қатардағы жай ғана қызметкерлері және кеше қамалған екі блогер. Менен Дания Рахымова деген әйел ақша қабылдады. Ол неге бостандықта жүруі керек те, орнына мүлде қатысы жоқ адамдар қамалуы керек», – деді зардап шегуші Ілияс Байгелдинов.
Кеше ғана қаржы ұйымына қатысы бар 14 күдіктіге «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деп 4 адам қамауға алынған еді. Олардың қатарында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар. Ал әзілкеш Төребаевтың адвокаты оның бұл іске қатысы жоғын айтады.
«100 пайыз дей алмаймын, 99 пайыз деп айтайын ол баланың кінәсі жоқ, ақталып шығуы керек. Мейіржанның өзі де салымшы болған. 2021 жылы қыркүйек айында 10 млн теңге ақша салды. Полиция департаментіне мені де алдап кетті деп арыз жазды. Бірақ полиция оны қамап отыр», –деді М. Төребаевтың адвокаты Ерлан Мәкенов.
Тергеудің әділ өткеніне сенбеген салымшылардың бірі Бағила Досмайлова өткен аптада өзін ІІМ-нің алдында өртеп жіберген еді. Қазір ауруханада хәл үстінде жатқан ол жиынға онлайн қосылды. Бүгінге дейін вайнерлердің қамалауын талап етіп келген Досмайлова енді олардың сүттен ақ, судан таза екенін айтады.
«Бұл - қоғамдық пікірді бұрмалау. Мүмкін оған қандай да бір материалдық шығын өтелген болар. Еш айып жоқ. Материалдық шығын төленсе, бұл өзімізге де жақсы. Десек те арыздарын ол кісілер қайта ала алмайды. Өйткені көп адам зардап шекті. Үкімді сот шығарады», – деді Алматы полиция департаменті ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кетейік, осыдан бір жыл бұрын Mudarabah Capital қаржы ұйымына алдандық деген 169 жәбірленушіден арыз түскен еді. Салымшылардың компанияға құйған ақшасы 5 миллиард теңгеден асады.
Ұлағат Арғын, Дидар Исаев, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы