Солтүстік Қазақстанда бас есепші сотталды

16.04.2021 01:59

Әйел адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, 10 млн теңгені қалтасына басқан

Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бас есепшісі қомақты қаржы жымқырғаны үшін сотталды. Әйел адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, 10 млн теңгені қалтасына басқан. Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі Диана Есім айтып береді.

Бас есепші заңсыз іспен 2017 жылдан бері айналыса бастаған. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің сөзінше, арам ойын іске асыру үшін ол «Казначейство-Клиент» бағдарламасын пайдаланып, бос орындар есебінен үнемделген қаржыдан өзіне жалақы мен үстемақыны заңсыз аударып отырған.

«Сәрсембаеваның құқыққа қайшы әрекеттерінің нәтижесінде артық есептелген ақша қаражаты оның банктік карт-шотына аударылды, нәтижесінде мемлекетке 10,3 млн теңге мөлшерінде залал келтірілді», – деді  СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Жарқын Ғалымов.

Департамент басшысының сөзінше, бас есепшінің қылмыстық ниеттерін іске асыруы – оның басшысының немқұрайлылығының кесірі. Айыпталушы орталық жетекшісінің сеніміне кіріп, оның электронды-цифрлық қолтаңбасын алған. Жетекшісі болса, ҚР «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» заңының 10-бабы 2-тармағының талаптарына қарамастан Сәрсембаеваға өзінің жеке ЭЦҚ-сын берген екен. Осылайша есепші өзіне ақша аударып отырған.

«Біз ведомствоның қарамағындағы  мекемелердің қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың нормаларын қатаң сақтау, электронды құжат, Электронды цифрлық қолтаңба, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінде 2021 жылдың наурызында барлық ведомствоға бағынатын мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі құрылды», – деді  СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Алмаз Қошманов.

Биыл 25 наурызда сот Сәрсембаеваны кінәлі деп тауып, пробациялық бақылаумен 5 жылға дейін бостандығынан шектеді. Сондай-ақ, ол 5 жыл бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті басқару органдарында, квазимемлекеттік сектордың субъектілерінде қаржымен байланысты қызметтерде жұмыс істей алмайды.

Диана Есім