Биыл Алматыда 9 заңсыз ұйым анықталды

21.11.2023 03:30

Қаржы пирамидаларына қатысы бар 376 сайт бұғатталған

Almaty.tv

Елімізде қаржы пирамидасының құрығына түсіп, алаяқтардың арбауында кеткендердің саны көбейіп барады. Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Алматыда жыл басынан бері 9 заңсыз ұйымды анықтаса, былтыр 12 айда 8 факті тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дина Оңғарбаева – қаржы ұйымдарының кезекті құрбаны. Ұлағатты ұстаз осыдан төрт жыл бұрын танысының айтуымен 3 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз ұйымға құйған. Алғашында компанияның жұмысына күмән келтірген қала тұрғыны танысының табысын көріп, бірден келіскен. Алайда «алтынмен аптап, күміске кенелтеміз» деген алаяқтар айласын асырып, табанын жалтыратқан.

– Мен пәтерімді сатып, сол ақшаның бір бөлігін салдым. Негізі одан түскен ақшаға ипотекалық несиемді жабамын деп үміттендім. Кейін табысым көбейсін деп, тағы да ақша құйдым. Қазір енді сот процесі жүріп жатыр. Күдіктілер де тергеліп жатыр, жақында ғана сот отырысында сөз сөйледік. Ақшамызды қайтарып берсін деген үкімді күтіп отырмыз, – деді қала тұрғыны Дина Оңғарбаева.

– Қазақстан бойынша желі, мессенджерлер арқылы хабарландыру беріп, жәбірленуші азаматтарды жинадық. Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлеріне рақмет! Олар тездетіп жұмысты бастады. Дүниесін тәркілеп, бұғатталды, – деді қоғамдық қорғаушы Абылай Абралинов.

Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің айтуынша, алаяқтардың арбауына жоғары білімі бар азаматтар көп түседі. Сондай-ақ қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар көпті өзіне сендіру үшін танымал жаңалық порталдарының логотиптері мен дизайнын қолданатын көрінеді. Елге танымал тұлғаларды заңсыз ұйымдарды жарнамалауға жиі шақырады. Ал оған алданған жұрт жиған-тергенін өз қолымен алаяқтың алақанына салады.

– Қазіргі таңда кез келген қаржы ұйымдарын тексеруге мүмкіндік бар. Оған айқын мысал ретінде Қаржылық агенттік мониторингінің «Байқа» пирамида Телеграм-арнасын атауға болады. Бұл каналдан кез келген күмәнді пирамидалар болса, ақпарат алуға, тексеруге болады, – деді Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Абылай Мырзаханов.

Айта кетейік, жыл басынан бері Алматыда қаржы пирамидаларына қатысы бар 376 сайт бұғатталған. Жеке тұлғаларға келтірілген залал сомасы 1,8 млрд теңгеден асады.

Гүлмарал Изатқызы, Әмина Үсенова, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде 160 адам есірткі қылмысы үшін қамалды