«Көгілдір такси», «Қан мен тер» секілді оннан аса кинофильмге түскен
Бүгін халықтың абыз ақсақалы, иісі қазақтың «тақиялы періштесі» Әлімғазы Райымбеков короновирустан қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
86 жасқа қараған шағында дүниеден өткен актер ұлтымызға «Тайлақ» рөлімен танылған еді. Ол көптеген фильмдерге түсіп, елдің аяулы ұлына айналған тұлға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі актердің өмірден өтуіне байланысты туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. "Ол ұлттық киномызда ұмытылмас бейнесі мен өзіндік ізін қалдырған талант иесі болатын. Оның жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады" деп жазды Елбасы жеделхатында. Сондай-ақ бүгін, мемлекет басшысы да талант иесінің жақындарына көңіл айту жедел хатын жолдады.
Қазақ кинемотографиясының «Алтын қорына» енген «Тақиялы періште» фильмі 53 жыл бойы телеэкраннан түспей келеді. «Тайлақ» болып танылған Әлімғазы Райымбекұлы бір сөзінде «мен киноға спорт арқылы келдім»,- деген еді. Тракторшы болып жүріп, «Тақиялы періштеге» шақырту алған актер бас-аяғы 12 фильмде ойнапты.
«Бүгін естіп, қабырға қайысып отыр. Көптен бері бірге жүрген, 2-3 фильмге бірге түскен, ақкөңіл, ақжарқын, қазақтың нағыз дархан даласы сияқты кең кеуде азамат еді. Артының қайырын берсін, иманды болсын. Жаны жаннатта болсын! Әлімғазы әр уақытта менің жүрегімде!» – деді КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Көзкөргендер Әлімғазы Райымбеков өмірде қандай алпамса денелі болса, мінезі де қазақтың даласындай кең, болмысы тұлғасындай асқақ еді дейді.
«Қазақ халқы өзінің сүйікті періштесінен айырылып қалды. Біз Әлекеңменен, Әлімғазыменен 1966 жылы жолықтық. Ең бірінші менің кином «Қилы кезең» деген фильмде. Өте бір керемет адам. Маңайына жинап алады. Екі адамды білдім қасына адам жинайтын: Шәкен аға сондай болатын. Қасына адамдарды жинап алып, «Әй, келсеңдерші, қасыма келсеңдерші»,- деп. Енді айтарым сол, туған-туысына, жеңгемізге айтарым: Әлекеңнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!» – деді актер Нұржұман Ыхтымбаев.
Көптің жүрегінен ойып орын алған «Тақиялы періште» фильмі 2015 жылы Әлімғазы Райымбековтің қатысуымен екінші рет жарыққа шыққан еді. Кинотуынды негізгі желісін сақтай отырып, басты кейіпкер Әлімғазы ақсақалдың немересіне жар іздеуі турасында болған. «Ағаның көзі тірісінде тағы бір фильм түсірсек деп жоспарлап едік, үлгере алмадық»,-дейді «Тайлақтың тақиясы» фильмінің авторы.
«Өмірде көрген тәжірибесін, өмірде көрген өзінің болмысын айтып отыратын, үлгі қылып отыратын. Әсіресе ол кісінің батасы халыққа, елге сондай бір тәлімді, құлаққа жағымды, жүрекке жақын болатын», – деді «Тайлақтың тақиясы» фильмінің продюсері Құсман Шалабаев.
Көзінің тірісінде Әлімғазы Смағұлұлы Қазақстан Республикасының Мемлекет Қайраткері атанған. Сондай-ақ, Алматы облысы Көксу ауданының да Құрметті азаматы. Әлімғазы Райымбеков өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Өскелең ұрпаққа ақ батасын беріп, ел амандығын тілеп жүретін, қалың қазағына үлгілі азамат еді.