Әншіні әлемнің түкпір-түкпірінен келген 150-ге тарта жанкүйері гүл шоқтарымен күтіп алды
Димашты жанкүйерлері Нью-Йорктің Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайында Қазақстанның туымен қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews.com сілтеме жасап.
Нью-Йорктегі Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайы өзінің тарихында көптеген танымал тұлғалар мен жарқын кездесулердің куәсі болғаны анық. Алайда АҚШ-тың ең ірі әуежайларының бірде-бірінде алыстағы Қазақстаннан келген әншіні дәл бұлай сән-салтанатпен қарсы алмаған болар. Димаш Құдайбергенді әлемнің түкпір-түкпірінен келген 150-ге тарта жанкүйері гүл шоқтарымен күтіп алды. Әртүрлі мемлекеттен жиналған көпшіліктің арасында жасы да, кәрісі де бар.
Димашты қарсы алушылардың көпшілігінің қолдарында Қазақстанның көк туы желбірейді. Сонымен қатар сүйікті әншілерінің портретін ұстап шыққандар да кездеседі.
Жанкүйерлері қазақстандық танымал әншінің концертіне сәттілік тілесе, бірнеше сағаттық ұшудан кейін шаршаса да, Димаш оларға әдеттегідей алғыс айтып, естелік үшін бірге суретке түсті.
Айта кетсек, концерт Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері аясында ұйымдастырылып отыр. «Arnau tour ENVOY» - маусым айында «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ARNAU» концертінің жаңарған нұсқасы. Әлем тыңдармандары бұл кеште жаңа бағдарламамен қатар, «ARNAU» бағдарламасының үздік нөмірлерін көретін болады. Концерттің телевизиялық нұсқасының көрсетілім уақыты қосымша жарияланады. Димаштың Нью-Йорктегі концертіне билеттер бір жарым айда сатылып кеткен. Сондай-ақ, әншінің Нью-Йоркте 10 желтоқсанда өтетін жеке концертіне әлемнің 51 елінен жанкүйерлер барады.