Жер жүзінің тыңдармандарына таңдай қақтырып, тамсандырған теңдесі жоқ құбылысты дер кезінде бағалай алмай отырған біздің әрекетіміз – қылмыс!
Белгілі жыршы, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов әнші Димаш Құдайбергенге «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атағын беруді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы жыршы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның сөзінше, ерекше жетістігі үшін берілетін алтын жұлдыз Димаш Құдайбергеннің кеудесінде жарқырау керек. Жер жүзінің тыңдармандарына таңдай қақтырып, тамсандырған теңдесі жоқ құбылысты дер кезінде бағалай алмай отырған біздің әрекетіміз – қылмыс, дейді ол.
«Қазақстанға сіңірген ерекше жетістігі үшін берілетін «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атақ бар. Осы алтын жұлдыз Димаш Құдайбергеннің кеудесінде жарқырау керек. Иә, оны «әлі жас қой» дейтіндер де табылады. Жоқ, кешіріңіз, Димаш жас емес, тіпті жас болып та көрген емес. Керісінше, өнер арқылы қазақты дүние жүзіне танытудың жолын тапқан, жер жүзінің тыңдармандарына таңдай қақтырып, тамсандырған теңдесі жоқ құбылысты дер кезінде бағалай алмай отырған біздің әрекетіміз – қылмыс! Кеңес Одағы қалыптастырған сана стереотиптерін күл-парша ететін уақыт жетті. Шын мәнінде, бұл атағыңа Димаш зәру емес, қайта әлгінің дәрежесін көтере түсу үшін Димаш сол атағыңа керек. Қазір әлемде Димаштың есімі қазақ деген сөздің синонимі әрі символы ретінде қабылданады. Бұл дегенің ғажап қой, біз секілді аз ұлтқа одан артық не керек, Сіз қалай ойлайсыз, отандас?» – деп жазады ол.