Кино орталығы директорлар кеңесінің жаңадан тағайындалған мүшелері таныстырылды

28.03.2021 16:52

Директорлар кеңесінің Төрағасы Нұрғиса Дәуешов – ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі

egemen.kz

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің қатысуымен өткен жиналыста «ҰКҚМО» КЕАҚ Директорлар кеңесінің жаңадан тағайындалған мүшелері таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«ҰКҚМО» КЕАҚ Директорлар кеңесінің жаңа құрамына мемлекет және қоғам қайраткері Ғани Қасымов, Halyk Finance Директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев, белгілі кинопродюсер Борис Чердабаев пен ҰКҚМО басшысы Есетжан Қосыбаев сайланды»,– делінген Мәдениет және спорт министрлігі мәліметінде. 

Жиналысқа қатысушылар Директорлар кеңесінің жаңа құрамы алдағы уақытта шешетін басты мәселелерді талқылады. ҰКҚМО Басқарма төрағасы Е.Қосыбаев әріптестеріне Кино орталығының ағымдағы қызметі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, ҰКҚМО қаржы-экономикалық блогын, нормативтік-құқықтық базасын теңдестіру жұмыстарына, атап айтқанда, қолданыстағы «Кинематография туралы» ҚР Заңына түзетулер енгізуге ерекше назар аударылды. 

Жиналыс қорытындысы бойынша алдағы жұмыс аптасы ішінде Директорлар кеңесінің келесі отырысының күн тәртібін анықтау тапсырылды. 

Айта кетсек, «ҰКҚМО» КЕАҚ Директорлар кеңесінің құрамына енді сегіз адам кіреді, олар: Директорлар кеңесінің Төрағасы Нұрғиса Дәуешов – ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі. 

Директорлар кеңесінің мүшелері: 

Есетжан Қосыбаев – ҰКҚМО Басқарма төрағасы. 

Амангелді Тойбаев – ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Комитетінің Мемлекеттік емес заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы. 

Тәуелсіз директорлар: 

Арман Дунаев – «Halyk Finance» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.

Ғани Қасымов – қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі. 

Бектас Мұхамеджанов – ҚР Парламенті Сенатының жанындағы ҚР бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің мүшесі. 

БекболатТілеухан – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 

Борис Чердабаев– кинопродюсер.