Бибігүл Төлегенова Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойына арналған «Менің Қазақстаным» челленджін бастады

15.08.2020 17:12

Бибігүл Төлегенова «Менің Қазақстаным» халықаралық музыкалық челленджін жалғастыру эстафетасын белгілі әнші Әлібек Дінішевке жолдады

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» халықаралық музыкалық челленджі басталды. Әуенді марафон атақты композитор, ән жанрының әйгілі майталманы, қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Әнұраны әуенінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Халықаралық ауқымды қамтитын бұл шараны үйлестіру «Қазақконцерт» ұйымы жанындағы «Концерттік-гастрольдік қызмет орталығына» жүктелген. Жобаның ерекшелігі – оны «қазақ музыкасының алтын дауысы», ән әлемінің ардагері Бибігүл Төлегенованың бастауында болып отыр. Шәмші Қалдаяқовтың үзеңгілес-замандасы Бибігүл Ахметқызы сазгердің «Қайықта» әнін ең алғаш орындаған еді. Талант иесі жастық шағын еске алып, аталған әнді тыңдармандарына тағы бір мәрте ұсынды. Бибігүл Төлегенова «Менің Қазақстаным» халықаралық музыкалық челленджін жалғастыру эстафетасын белгілі әнші Әлібек Дінішевке, Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаеваға, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыхановқа, сондай-ақ, алыс-жақын шет елдердегі қандастарымызға жолдады.