Елімізде «Бүркітші қыз – Айшолпан» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

03.03.2022 18:43

Тұсаукесер шарасына фильмнің бас кейіпкері, моңғолиялық қазақ қызы, құсбегі Айшолпан да қатысты

Almaty.tv

Елімізде алғаш рет «Бүркітші қыз – Айшолпан» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Осыған дейін әлемнің 30 елінде көрсетілген туындыны Сулейман Демирель атындағы университеттің студенттері тамашалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Премьераға фильмнің бас кейіпкері, моңғолиялық қазақ қыз, құсбегі Айшолпан да қатысты. Атақты Отто Беллдың режисерлігімен жарық көрген, саятшы қыздың өмірі арқау болған деректі фильм «Оскар» сыйлығына үміткер 15 туындының басын бастап тұр.  

«2013 жылдан бастап кино түсірілді, яғни ол кино 2,5 жыл түсірілді. Фильмде бірінші ана мен қыздың тәрбиесі және де қазақтың салт-дәстүрі, Моңғолиядағы қазақтар қалай тұрмыс-тіршілік етіп жатқаны, күнделікті өмірлік жағдайы баяндалады. 2013 жылдан бастап әлемге алғаш рет бүркітші қыз ретінде танылдым», - деді бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы.

Осы фильмнен кейін әлемге танылған саятшы қандасымызға шетелдің белді жоғары оқу орындарына жолдамалар да ұсынылыпты. Соған қарамастан бүркітші қыз атажұртқа оралып, армандаған мамандығына оқуға түскен екен.  

«Алғашында, әрине бәріміз таң қалдық. Сонау Оксфорд, Гарвард университеттері шақыртқан бүркітші қыз Сулейман Демирель университетін таңдапты, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына келеді екен дегенде, ол қандай қыз екен, қазақша біле ме екен, қандай студент болады екен деп әрі күдік, әрі мақтаныштың бойымызда болғаны рас», - деді Сулейман Демирель атындағы университеттің профессоры Баян Керімбекова.