Алматыдағы №1 балалар кітапханасында қала күні қарсаңында «Өткені сырлы, келешегі нұрлы Алматы» тақырыбында мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиын барысында балалар ару қалаға деген махаббатын өлең жолдары арқылы жеткізді. Сондай-ақ оқушылар күй шертіп, дәстүрлі ән шырқады. Іс-шараның қадірлі қонақтары қатарында қаламы қарымды қаламгерлер, ақын-жазушылар бар. Сондай-ақ әдеби сазды кеште оқушылар талантымен танымал Қуыршақ театрының бірегей қойылымын тамашалады.
– Алматы – мәдениет ошағы. Сондықтан орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қала күніне байланысты көптеген іс-шара ұйымдастырып жатыр. Соның бірі – қаламыздағы аудандарда өтетін іс-шара, – деді №26 кітапхананың меңгерушісі Светлана Әбсалықова.
– Алматы күні қалада жақсы ұйымдастырылып жатыр. Түрксіб ауданындағы кітапханалар жиналып, осындай іс-шара өткізгені көңілге қуаныш ұялатады, – деді ақын Саят Қамшыгер.
Оқи отырыңыз: Қала күнін мерекелеу аясында Алматының аудандарында қандай іс-шара өтеді