Бүркіт: қазақстандық арнайы жасақ туралы көркем фильм көрерменге жол тартты

Сурет "Бүркіт" фильмінен алынды
Сурет "Бүркіт" фильмінен алынды
Фильм түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника мен авиация, сондай-ақ 200-ден астам белсенді әскери қызметші қатысқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық арнайы жасақ туралы жаңа көркем фильм көрерменге жол тартты. Үш достың хикаясын баяндайтын «Бүркіт» картинасының басты мақсаты – кейіпкерлер арқылы отанға деген сүйіспеншілікті насихаттау, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұсаукесерде көрермен әскери өмірдің атмосферасын сезінуі үшін барлық жағдай жасалған. Фильмге Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен ҚР Ұлттық ұланы қолдау білдірді. Басты рөлдерді Санжар Мәди, Дәурен Серғазин және Асылхан Төлепов ойнайды. Фильм режиссері «Алтыншы пост» және «Қазбат» әскери экшн-фильм жанрындағы отандық табысты картиналардың продюсері Данияр Ибрагимов. «Бүркіт» фильмі оның режиссерлік алғашқы жұмысы.

– Қазақстандық экшн жанрындағы фильмдер аз екені рас. Сондықтан мұндай туынды түсіруде тәжірибе аз. Бізде комедия көп. Басқа жанрға жол енді ашылып жатыр. Оңай жоба болды дей алмаймыз. Әсіресе көлік аударылатын сахналарды түсіретін кезде каскадерлерді қатты уайымдадым, – деді фильм режиссері Данияр Ибрагимов.

Фильмде «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздары «күрең берет» кию құқына ие болу үшін сынға түседі. Қарама-қайшылыққа қарамай, жігіттер адал достығына сызат түсірмеуі керек. Арнайы жасақпен бірге актерлік құрам нормативтерді орындап, тактикалық дайындықты өткерген. Отанға деген адалдықты дәріптеуге үлес қосқаны үшін түсірілім тобы министрліктің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Дәурен Серғазиннің айтуынша, фильм тәжірибесіндегі ең қиын жоба болған.

– Бізге физикалық тұрғыда оңай болған жоқ. Өйткені, «күрең берет» тапсырушылар бірнеше жыл арнайы жасақта қызмет етіп, жыл бойы дайындалады. Ал бізге бір айдың ішінде сол физикалық дайындықты сезініп, мықты сарбазды сомдау, рөлге ену қиын болды, – деді актер Дәурен Серғазин.

Фильм түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника мен авиация, сондай-ақ екі жүзден астам белсенді әскери қызметші қатысқан. Кинокартинаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қаржыландырды.

– Қазақстан бойынша әскерде жүрген 200 азамат «күрең берет» алған. Өмірде олардың күнделікті қалай шыңдалатыны, қызмет бабы қалай өтетіні толық көрсетілді, – деді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали. 

– Фильм шынайы оқиға негізінде түсірілген. Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімін қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру шеңберінде Ішкі істер министрлігі аталған фильмнің түсірілім жұмысына қолдау білдірді, – деді ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов.

Түсірілім Алматы облысының көрікті жерлерінде өтті. Қазақстандықтар «Бүркіт» экшн фильмін бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көре алады.

Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: «Қазақфильм» қайтадан ұлттық киностудияға айналуы мүмкін

Новости партнеров