Биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толды

15.01.2024 20:23

Салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты

Almaty.tv.

Биыл қазақ руханиятының қара шаңырағы «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толды. Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды зиялы қауым өкілдері қызмет атқарған басылымның мерейтойы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Ол Мемлекет басшысының атынан шығармашылық ұжымды мерейтойымен құттықтап, редакцияға жаңа көлік сертификатын табыстады. Сонымен қатар бірқатар қызметкерлер «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және алғыс хатпен марапатталды. Ал сала майталмандары «Еңбек Ардагері» медаліне ие болды.

– Шын мәнінде, ол – бүкіл мәдениет, руханият, өнер салаларын дәріптейтін басылым. Оқырман бала кезден қалыптасуы, газет-журнал, кітап оқып үйренуі керек. Осылай оқырманның қалың тобын қалыптастыруға болады, – деді жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі мен Оқу-ағарту министрі балалар басылымдарының бас редакторларымен және балалар әдебиеті жазушыларымен кездесу өткізді. Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-тілегін тыңдаған ведомство басшылары тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Аида Балаева балалар контентін құрудағы заманауи технологиялардың, креативті идеялардың, сондай-ақ шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетудің маңыздылығына баса тоқталды.

– Шығармашылық қауымға Үкімет жағдай жасап отыр. Ең бастысы – сол шығармашылықты ояту. Оның ішінде балалардың бойындағы потенциалын дамыту маңызды,  – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Оқи отырыңыз: Қазақ хандығының сыртқы саяси тарихына арналған монография жарық көрді