Бұл - сыбайлас жемқорлық жайлаған ортаның шындығын ашатын шығарма
Драматург Тұрлыбек Мәмесейіттің шығармасы желісімен құрылған драма бүгінгі қоғамның өзекті мәселесін көрсетеді. Спектальді Талдықорғаннан келген Бикен Римова атындағы драма театрының актерлеры сахналады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы пьесаның мазмұны сыбайлас жемқорлық, алаяқтыққа қарсы күресті насихаттайды. Сыбайлас жемқорлық - қатерлі індет, ауыр қылмыс саналады. Қойылым осы мәселелер төңірегінде келелі ой қозғайды. Ауыл әкімі Қайырбек пен оның сыбайласы Ахмет қарапайым халықтың ата-бабасынан мұра боп келе жатқан тиеселі жерін алаяқтықпен, заңсыз сатып, белшесінен байлыққа батып қылмысқа жол береді. Адамгершіліктен аттап, ар-ожданды таптайды. Соңында қолға түсіп, қылмысы әшкереленіп темір торға қамалады.
"Театрда тек би, тек өлең, тек күй ғана сахналанбайды. Халықты жемқорлықтан алыс болу үшін, жемқорлықтың арты жамандыққа апаратынын сахнадағы адамның тағдыры дәріптейтін қойылым", – деді Бикен Римова атындағы Талдықорған театрының директоры Руслан СЕНКЕБАЕВ.
Қойылымды көруге келген көрерменнің дені – мемлекеттік қызметкерлер болды. Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ұйымдастырумен өткен спекталь қызмекерлерге ой салып, рухани байып шығуына үлкен мүмкіндік екенін айтады.
"Мұхтар Әуезов өнерден қуат алмасаң, өмірдің шырыны кетеді деп айтады екен. Сол сияқты мына өнерден қуат алып, бүгін осы көріністен жақсы жағымды ой қалыптастырып шықса нұр үстіне нұр болар еді", – деді Республикалық "Саналы ұрпақ" кеңсесінің жетекшісі Қайыржан ТОҚЫШЕВ.
Халық әртісі Ерсайын Төлеубай сахналаған «Құлқынның құлы» драмасы бұған дейін де көрерменнің көңіл төрінен орын алған еді. Бір жарым сағатқа созылған спекталь мемлкеттік қызметкерлер тарапынан үлкен ілтипатқа ие болды.