Алматыда «Кемел адам» атты рухани-танымдық кеш өтті

15.11.2021 20:31

Ізгілік қағидатына негізделген іс-шара – белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының авторлық жобасы

Almaty.tv

Республика сарайында «Кемел адам» атты рухани-танымдық кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ізгілік қағидатына негізделген іс-шара – белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының авторлық жобасы. Жан-жақты жетілген идеалды адамның қасиеттері мен ерекшеліктерін қазақтың ойшылдары айтқан түйінді пайыммен байланыстырған кеш көпшілікті кемелденуге шақырды.  

«Жастарымыз да, халқымыз да жан-жақты жетілуге, тұлғалық дамуға ұмтылып жатқан заман. Сондықтан «Кемел адам» кітабы осындай мақсатта халқымыздың аз да болса кемелденуіне, рухани жетілуіне ықпал етіп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей үлесі тисін деп қалам алынды», – деді белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы.

Сондай-ақ рухани кеште автордың «Кемел адам» атты кітабының да тұсауы кесілді. Адамзатқа ортақ құндылықтарды қазақы түйін мен дін арқылы жеткізген шығарма осылайша, қалың оқырманына жол тартып отыр.

«Қаншама шәкірт тәрбиелеп жатыр, қаншама адам ақиқатқа, Алланың жолына қайтып жатыр. Осыған бір кісідей үлес қосып жатқан азамат ретінде құрметтеп, сыйлаймын. Сол үшін билет алып, осы кешке қатыстым. Еш өкінбеймін, өте әсерлі болып жатыр», – деді көрермен Ақиқат Бөкеев.