Қазылар алқасы еліміздің барлық өңірінен қатысқан 32 арудың тек 5-еуін супер-финалға шығарды
Қазақстанның туристік орындары туралы бұл шағын ролик Лондонда өтетін «Әлем аруы-2019» байқауында көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шағын роликте Қазақстанның атынан шығатын Мадина Батық өзінің туған елі туралы баян етеді. Қазақ жерінің ең көрікті орындарын қамтуға тырысқан бойжеткен Шымбұлақ, Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, ежелгі Сауран қаласы мен Түркістанды, елорданы таныстырады. Роликте қазақтың ұлттық тағамдары мен ойындарына назар аударылған.
Айта кетсек, «Әлем аруы-2019» байқауы 14 желтоқсанда биыл 69-рет өтеді. Лондондағы байқауға әлемнің 125 елінен арулар өзара бақ сынасады.
Еске сала кетсек, Павлодарлық бойжеткен Мадина Батықтың «Қазақстан аруы» атанғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
«Қазақстан аруы - 2019» байқауы осы жылдың мамыр айында NOMAD City Hall сахнасында өткен еді. Қазылар алқасы еліміздің барлық өңірінен қатысқан 32 арудың тек 5-еуін супер-финалға шығарды. Олар үш тапсырманы орындады: өзін таныстыру, киім үлгісін көрсету және қысқа метражды фильм арқылы өз өңірінің туристік әлеуетін паш ету.
Ақылына көркі сай аруды қазақстандықтар SMS-пен онлайн-дауыс беру арқылы таңдады. Оның нәтижесінде биылғы байқаудың жеңімпазы 19 жастағы павлодарлық Мәдина Батық атанды.