Алматыда «Қаракөз» саунд-драмасының тұсаукесер көрсетілімі өтті

07.10.2021 20:54

Ғ. Мүсірепов атындағы театр сахнасында М. Әуезовтың «Қаракөз» қойылымы мүлде басқаша сахналанды

Алматы жұртын рухани күйге бөлеген «Қаракөз» саунд-драмасы күні кеше Ғ. Мүсірепов театрында тұсауын кесті. Мұхтар Әуезовтың атақты туындысын сахналаған театр актерлері бұл қойылымды мүлде басқа қырынан аша түсті. Қос ғашықтың қордаланған махаббатын бейнелеген драма жиналған жұрттың еріксіз жасына себепкер болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Алматы шаһарының талғамы таудай көрермені кеше тағы мәрте серпіліп алды. Ғабит Мүсірепов атындағы театр сахнасында қойылған М. Әуезовтың «Қаракөз» қойылымы мүлде басқаша сарында сахналанды. Дыбыс пен динкамикаға толы саундрама сезімге толы сәттерімен қала жұртын баурап алды.

«Бұған дейінгі «Қаракөздің» бәрі КСРО саясатының ықпалында болған «Қаракөздер» сияқты еді. Ал жаңа, тәуелсіз Қазақстанның, Тәуелсіздік кезінде туған ұрпақтың қойған «Қаракөзі» бөлек. Сондықтан бұл жерде ұлттық код-та, рухани жаңғыру да, бәрі де бар», – деді режиссер Фархат Молдағали.

Тыңнан түрен тартқан театр қойылымы қос ғашықтың қатыгез тағдырын бейнелеп, аталас ағайынның жеті атаға толмай қыз алыспайтынын айшықтап береді. Көршілердің күңкілі мен жекжаттардың желең сөзін суреттеген саунд-драмада әуенмен әрлеу лайв түрінде орындалды.

«Біздің театрдағы «Қаракөз» басқаларға мүлде ұқсамайды. Жанры – саунд-драма. Сондықтан музыкамен әспеттелген спектакль және сезімге, атмосфераға құрылған спектакль көрермендерді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын», – деді Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды.

Салттан аттамаған қадірлі қазақтың қызына қырық үйден салған тыйымын тәпсірлеп берген театр туындысы ардың ажалдан асқақ екенін айтып, ағайынның арасына сызат түспегенін жөн көреді. Ал елге ерекше нұсқада жол тартқан «Қаракөз» премьерасы Алматы жұртын әсерсіз қалдырмады.

«Бүгін алғаш рет келіп отырмын. Өте керемет! Сондай көңілімнен шықты. Ойнаған актерлер, режиссерлік шешім, қос ғашықтың бір-біріне деген ынтық көңілі, соның бәрін сөзбен айтып жеткізу қиын. Әлі жібермей тұр», – дейді актер, блогер Жасұлан Айтенов.

Алдағы үш күн бойы көременге жол тартқан «Қаракөз» қойылымына Алматы қаласының әкімдігі ықылас гүлін тарту етіп, ыстық лебізін жеткізді.  Ал ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева бастаған қадірлі қонақтар қатары күн санап арта түсеріне сенім мол.

Қорғансыздың күнін кешіп, сүйгеніне сүрінбей жетуі үшін салттан аттай алмаған қос бейбақтың бақытсыз тағдырын тәпсірлеп берген қойылым келген жұртты елітпей қоймады, ал бұл «Қаракөз» премьерасы келіп сілтідей тынып, тамашалаған көрерменнің қошеметі.

Әлібек Шынтемір, «Алматы» телеарнасы