Жазушы студенттермен кездесті
Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге шығару үшін сапалы аударма қажет. Бүгін студенттермен кездескен жазушы Дулат Исабеков ойын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Драматург «Бізде керемет шығармалар бар, бірақ оны өзге елге танытатын мүмкіндік жоқ» деді. Іс-шараға жас жазушылар мен әдебиет сыншылары, кітапханашылар мен Жазушылар одағының мүшелері қатысты. Жиналғандар әдебиет әлеміндегі соңғы жаңалықтарды саралап, Исабеков шығармашылығына шолу жасады.
– Әдебиетті қалай танытуымыз керек? Шығармаларды аудару керек. Аударма мәселесі болғанда, Алматыдағы аудармашы емес, тілдік ортада ержеткен адамның ғана аудармасы керек. Ағылшын тіліне сол тілді меңгерген, өскен адам ғана аудара алады. Ал кейін оқып үйренген аударма – жай сөз, – деді Қазақстанның еңбек ері Дулат Исабеков.
– Дүкеңнің көп жазушылармен салыстырғанда бір ерекшелігі – өзіне ғана, тек Дулат Исабековке тән сыршылдығы, адамды баурап алатын бауырмал, биязы, сөз саптауы бар, – деді әдебиет сыншысы Бекен Ыбырайым.
Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тизері жарияланды