«Бала дауысы» балалар ән байқауының аймақтық іріктеу кезеңі аяқталды

«Бала дауысы» балалар ән байқауының аймақтық іріктеу кезеңі аяқталды
Төртінші маусымының финалы 24-26 қазан күндері Алматыда өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының намысын Мұхтар Әуезов атындағы №128 мектептің 5-сынып оқушысы Мирас Максимов қорғамақ. 120 қатысушының ішінен озат көрінген жас өрен енді ақтық сайысқа жолдама алып отыр. Финалистер Республика сарайында 24-інші және 26-ыншы қазан күндері көрермендерді өз өнерімен тәнті етпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Республикалық, халықаралық байқаулардың гран-при иегері, «Ғұмыр-дария» байқауының жүлдегері, «Нұрлы жастар», «Күншуақ», «Дара бала» жобаларының қатысушысы Мирас Максимов еліміздің барлық аймақтарында 28 наурыздан бастап жүргізілген ең ауқымды және танымал «Бала дауысы» балалар ән байқауына қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды. Алматы қаласы атынан 120 бала додаға түскен сайыста Мирас 3 тілде ән орындап, қазылар алқасын таңырқатты.

«Бұл мектебіміздің мақтанышы, жарық жұлдызы десек те болады. Бұл баладан үмітіміз өте зор. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дейді ғой, сол айтқандай қала бойынша «Бала дауысы» байқауының финалисі болып отыр. Түгел ұжым болып сол балаға барайын деп отырмыз оқушыларымызбен жанкүйер болып», – деді Алматы қаласы М. Әуезов атындағы № 128 мектеп директоры Жаннат ЕСДӘУЛЕТОВА.

Бес жасынан бастап әнге қызыққан дарын иесінің қанжығасында көптеген жүлделер бар. Бойында қабілеті барын көрген анасы Мирасқа әркез қолдау көрсетіп, демеп отырған екен. Қандай да бір әнді айтар кезде, оның мәтінімен толық танысып, шығу тарихын зерттеп, халықтың жүрегіне жететіндей етіп орындауға тырысады, - дейді анасы.

«Балама тек сәттілік тілеймін. Әрине, қобалжу үстіндеміз. Тек Мирас қана емес, ұстазы да, мектеп те, ата-анасы да қобалжып жүрміз. Өйткені бұл жерде жалғыз Мирастың не отбасының ғана емес, мектебінің, ұстаздарының, жалпы Алматы қаласының намысы тұр. Бұл - алып шаһар. Соның атынан шығатын болғандықтан, бізге артылатын жүк те ауыр», – деді М. Максимовтың анасы Жанат ЗИНЕШЕВА.

Биылғы жылы іріктеу ашық форматта өтіпті, яғни әрбір бала мен оның ата-анасы басқа қатысушыларды тыңдап, олардың шеберліктерінен тәлім алып, өздерінің музыкалық ой-өрістерін кеңейтуге мүмкіндік алды. «Бұл өз кезегінде сайыстың әділ өтуін байқатады», - дейді Мирастың вокалдық жетекшісі.

«Мираспен жұмыс істеудің өзі өте қызық. Ол музыкаға толығымен беріледі. Ән айтқан кезінде жанданып кетеді. Өзінің ерешке идеялары бар, әрдайым жаңашылдыққа талпынып тұрады. Мирас осыдан екі жыл бұрын вокалға қатыса бастады, сол кезден бері «Бала дауысы» байқауына барсам деп армандайтын, дайындалып, асыға күтетін. Биыл міне, сәті түсіп, осындай үлкен деңгейдегі сайысқа жолдама алып отыр», – деді М. Максимовтың вокалдық жетекшісі Әсия ТҰРҒАНБАЕВА.

«Мирас сыныптағы ең алғыр, білімді оқушылардың бірі. Ол мектептегі әр іс-шараға белсенді атсалысып, өзінің жігітке жеті өнер де аз деген қағидасын ұстанып, түрлі өнерімен бізді баурауда», – деді Алматы қаласы М. Әуезов атындағы № 128 мектеп мұғалімі Жансая МҰХАМБЕТ.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының қолдауымен өтетін Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоғамдық қорының авторлық жобасы - «Бала дауысы» Ұлттық балалар ән байқауының төртінші маусымының финалы 24-26 қазан күндері Алматы қаласында өтеді. Ақтық сайыста Мирас Максимовтен бөлек, елдің әр аймағынан келетін тағы 16 жас дарын бақтарын сынайды. Ұлттық өнер институтында білім алу гранты мен Диснейлендке саяхатты ұтып алатын Гран-при иесін әділ қазылар алқасы мен телекөрермендер таңдайды.

Сая Меңдеке, Мүрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров