Қайта жаңартудан өткен мұражай 7 бөлімнен тұрады
Алматыдағы «Әуезов үйі» қайта жаңартудан кейін бүгін салтанатты түрде ашылды. Мұражайда заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер дүниелер заман талабына сай жабдықталған. Музейде ғылыми қордан бөлек, Әуезовтың киімдері, тұтынған затынан тұратын 200-ге жуық жәдігер қойылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайта жаңартудан өткен мұражай 7 бөлімнен тұрады. Әр бөлімде Мұхтар Әуезовтың балалық шағынан бастап, өмірінің сан-қилы кезеңін қамтитын экспозициялар қойылған. Қайта өңдеуден өткен үстелі, орындығы мен қаламдары және әдеби шығармаларының қолжазба нұсқасы көпшілікке қайта ұсынылды.
«Бізде Абай журналының электронды түрде сканерлерген нұсқасы бар. Келген қонағымыз оны қазақ, орыс, ағылшын тілінде көре алады. Бұл – 1918 жылы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге шығарған журналы. Сол жөнінде нақтырақ дерек аламыз десе, барлық құжаттар осылай жылжытып көруге болады», – деді «Әуезов үйі» мәдени-ғылыми орталығының бас қор сақтаушысы Салтанат Мұқатаева.
Әуезов үйіндегі құнды жәдігердің бірі – үстел. Мұнда Еңлік-Кебек пьессасы, қазақтың тұңғыш музыкалық комедиясы Айман-Шолпан, Қалқаман-Мамыр сынды әдеби шығармалар дүниеге келген. Сондай-ақ Абай жолының 2 томын да осы үстел басында отырып жазған. Мұхат Әуезов ол шығармасы үшін 1949 жылы Мемлекеттік сыйлықты иеленді.
Салтанатты іс-шараға Әуезовтың балалары мен немерелері, шәкірттері мен әдебиет әлемін зерттеуші ғалымдар келді. Олардың арасында ғұмырын Абайтану саласына арнаған, Мұхтар Әуезовтың мектебін көрген, арнайы шеберлігінен өткен Мекемтас Мырзахметов те бар.
«Абайтану» деген қиын тақырып берді. Өте қиын. Әуезов сол кезде «шымшықтан қорыққан тары екпейді» демекші қорықсаң алма, қорықпасаң кіріс» деді. «Абайтану» тарихын 3 жылда жазып шықтым. Сол арқылы Мұхаңмен, Димекеңмен жақсы есте қаларлық сәттер өтті», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов.
Алматыдағы экспозициялық көрме Мұхтар Омарханұлының 100 жылдығына орай 1997 жылы салынған болатын. Араға 25 жыл салып, мұражай күрделі жөндеуден өтті. Музейде Әуезов туралы деректі фильм тамашалауға арналған кино-зал да бар. Арнайы келген қонақтар бейнетаспадан жазушының дауысын естіп, өсиетін өз аузынан тыңдай алады. Ұйымдастырушылар Әуезов мұрасына деген қызығушылықты одан әрі нығайта түсетініне сенімді.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» теларнасы