Бүгін қазақ жұрты Роза Әшірбекованы ақтық сапарға шығарып салды

03.08.2022 21:17

Мәдениет министрі Дәурен Абаев және қала әкімі Ерболат Досаев көңіл айту жеделхатын жолдады

Almaty.tv

Бүгін қазақ жұрты Халық әртісі, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері Роза Әшірбекованы ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 60 жылдан аса еңбек еткен еді. Өмірін өнерге арнаған актриса қазақ мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Бүгінгі соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне майталманның әріптестері мен өнер қайраткерлері, жақындары мен туыстары келді. Мәдениет министрі Дәурен Абаев және қала әкімі Ерболат Досаев көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Әр өнерпаздың өзінің адами қасиеті сахнада көрініп тұрады. Роза апамыз сол табиғаты жайқалған, Көкшетаудан ғой, Сәкен ағамыз жырлағандай бойындағы сұңғылалығы, сүмбілелігі, бүкіл жұмсақ мінезі осының бәрі табиғатпен қабысып келген Роза апамыз еді», – деді актер, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов

Роза Әшірбекова сахнаға Бәкір Тәжібаевтың «Қарагөз қарындасым» және Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» спектальіндегі басты рөлдерімен қадам басты. Сондай-ақ Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» Ш. Айтматовтың «Хадиша» сынды қойылымдарында көрерменнің жадында жатталды. Ол әр кейіпкерін жарқырата сомдап, жан тебіренісін еш боямасыз шынайы көрсетті. Әріптестері актирсаны өмірде ақжарқын, үлкен-кішіге аса құрметпен қарайтын кішіпейіл жан еді деп еске алды.

«Соңғы қойылым «Жусан иісі» деген спектальде мен шалы болып ойнадым, ол менің кемпірімнің рөлін сомдады. Өте жұмсақ, өте кең. Өзінің шығатын сахнасына 15 минут уақыт бар болса да, әріптестерін іздеп тұратын. Жауапкершілігі мол еді», – деді  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сағызбай Қарабалин.