Алматыда балаларға арналған тегін өнер орталығы ашылды

23.02.2022 21:52

Салтанатты ашылуға Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы мен өнер жұлдыздары қатысты

Бүгін Алматыда балаларға арналған «Әль Каусар» өнер орталығы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнда ән, би, дауыс қою техникасы, домбыра үйірмелері бар. Орталықта кез келген алматылық үшін тегін қызмет көрсетіледі. Игі бастама балалар жылына орайластырылған. Мақсат - білімді де дарынды ұрпақ тәрбиелеу. Салтанатты ашылуға Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы мен өнер жұлдыздары қатысты.

«Үйде балалар бос отырмауы керек. Ата-анасы міндетті түрде балаларды өнерге баулыса, келешекте олардан жақсы адам шығады. Сондықтан осы орталықтың ашылуына бүгін қатысып отырмын. Өте қуаныштымын!» - деді Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнер орталығында 400 баланы оқытуға жағдай жасалған. Ол үшін 40-тан астам ұстаз жұмылдырылыпты. Ал өткізілетін сабақтар мұнда келіп жүрген жас өнерпаздардың көңілінен шыққан көрінеді.

«Орталықтың апайлары мен ағайлары домбыра сабағынан және басқа да үйірмені өте жақсы үйретеді. Сабақта біз күйлерді ғана үйренбей, олардың тарихын да оқимыз. Маған ұнайды. Сіздерді де шақырамын!» - деді Орталық қатысушы Баян Әлихан.