Айдос Кәденұлы TikTok-та екі күннің ішінде 1,5 млн қаралым жинап, көпшіліктің көзайымына айналған болатын
Әлеуметтік желіні дауысымен таңғалдырып, екі күннің ішінде 1,5 млн қаралым жинаған «Қойшы» бала әнші Жігер Ауыпбаевтың шәкірті атанбақ. Бұл туралы «Таңғы студио» бағдарламасында «Қойшы» бала Айдос Кәденұлы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жігер Ауыпбаевпен танысып, жұмыс жасап жатырық. Жігер ағам екеуміз, бір ауылдың суын ішіп, бір ауылда туып-өстік. Сондықтан ағамды өзіме жақын тарттым. Менің Жігер Ауыпбаевбен жұмыс жасағанымды ата-анамда қолдап отыр», – деді «Қойшы» бала.
Үш жасынан бастап ән айтқан жас өнерпаз өскенде актер болғысы келеді.
«Мен үш жасымнан бастап ән айтқам. Болашақта актер болғым келеді. Мен халық және дәстүрлі әндерді орындағанды жақсы көрем. Қазіргі таңда 5-6 дәстүрлі әнді айтып жүрмін», – деді ол.
Айта кетейік, Айдос Кәденұлы TikTok-та екі күннің ішінде 1,5 млн қаралым жинап, көпшіліктің көзайымына айналған болатын.