Бақытжан Сағынтаев бүгін Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен кездесті
Кездесу барысында шығармашылық кәсіптің 60 өкілі әкім грантының иегерлері атанды. Бұған дейін 90 ақын-жазушы және әдеби сыншы әкімнің грантын алған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкім гранттары жас жазушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға қолдау көрсету және қалыптасқан сөз зергерлерін атап өту жөніндегі игі шаралардың бірі болып табылады.
Алқалы жиында алғаш болып сөз алған мегаполис басшысы мұндай шараның маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, гранттар шығармашыл жандардың шабытын ашып, шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қала басшысы жастарды тәрбиелеуде зиялы қауымның алатын орны ерекше екенін де атап өтті.
«Кітап шығару мәселесін қолға алып, бюджетті бекіттік. Сіздердің берген ұсыныстарыңыз бойынша Жазушылар одағының келесі жылға тізімін бекіттік. Жыл басынан бастап, кітаптарыңызды берген жоба бойынша шығаруды бастаймыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
«Сізбен осымен қанша рет кездестік. Жазушыларға көп нәрсенің керегі жоқ. Анда-санда арқадан қағып қойса, соның өзі жеткілікті деп ойлаймын», - деді жазушы, драматург Дулат ИСАБЕКОВ.
«Алматы қаласының әкімі өзінің берген уәдесін орындады, мынау – ол кісінің биылғы екінші рет тапсырылып жатқан гранты. Сондықтан жазушылар үшін бұл шығармашылық өміріндегі елеулі сәттер деп білем. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын», - деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек ӘШІМЖАН.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өскелең ұрпақты Отанға, туған қаласына деген патриотизм мен сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуде шығармашыл зиялы қауымның маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Өз кезегінде жазушылар мен ақындар келер жылы Абай мен әл-Фарабидің құрметіне өтетін мерейлі шаралардың, сонымен қатар Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтудің контентін қалыптастыруға өз үлестерін қоса алады.